29
май
2020
Педагог күнделігі
Бүгінгі ұстаздардың кәсіби шеберлігі олардың жан-жақты білімділігімен, оқытудың заманауи амал-әдістерін меңгеруімен өлшенеді. Бәсекеге қабілетті, жан-жақты кемел мұғалімдер жылдам өзгермелі заманның ағымына ілесе алды. Әлемде болып жатқан төтенше жағдай білім ордалары мен білім алушылар алдына жаңа міндеттер жүктеді, білім саласына тың өзгерістер алып келді
Бұрын соңды бастан кешпеген қашықтықтан оқыту алғашында қиындығы мол белестер сияқты еді. Дегенмен, сабақ барысында балалардың ұстаздарын сағынған жылы сөздері мен ата – аналардың мұғалім қадірін түсініп айтқан лебіздерін естіп, өзімізге қосымша күш-қуат алғандаймыз. Қашықтықтан оқытудың қиыншылықтарын мойымай еңсеріп, ұстаз болудың қандай екендігін барша мұғалім осы сәтте дәлелдеді.
Мемлекет тарапынан ұстаздар қауымына көрсетілген үлкен қолдаудың нәтижесінде отандық "Балапан", "Еларна" телеканалдарындағы бейнесабақтары оқушылардың қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, мұғалімдердің тәжірибе алмасуына септігін тигізді. Білім алушылар «Телеграм», «WhatsApp» желілері мен «Daryn Оnline» платформасы арқылы тапсырмаларын орындап, сұрақтарын қойып отырды. Әсіресе, жоғарғы сыныптар үшін бұл кезең әрі қиын, әрі қызықты өтті. Себебі, олар жаңа технологияны, ақпараттық құралды жетік меңгерген біздің болашақ жастарымыз. Осындай жетістіктерінің арқасында бөлім бойынша алынатын БЖБ және қорытынды ТЖБ жұмыстарына бар күш жігерін жұмсап, уақтылы және жауапкершілікпен өткізіп, өз жұмыстарының нәтижесін көрсетті.
Бір жарым айды артқа тастап, оқу жылының соңына да санаулы күндер қалды. Мектеп ұжымы мен ата-аналардың ұйымшылдығының арқасында кез келген істің шешімін табуға болытынына көзіміз жетті. Осы оқу жылын сәтті аяқтап, келер оқу жылында өз мектебімізде дәстүрлі оқыту үрдісімен, сыңғырлаған қоңырау үнімен қарсы алайық! Ендеше, сол күндерге аман-есен жете берейік!
Мамешева Айгуль Умирзаховна
Тараз қаласы, Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі